18
май
2019
Гауһар Тәжкенова - «Жылдың үздік шығармашыл мұғалімі» аталымының иегері
Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру, ең алдымен мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп, шығармашылық ізденісте жүруіне байланысты. №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы оқушыларға тек қана білім беріп қана қоймай, сонымен бірге түрлі салада дарынды шәкірттер дайындап, оларды жетістікке жетуге ұмтылдыру мақсатында жұмыс атқарады. Осындай мақсатты ұстанып оқушыны білімге қызықтырып, талмас еңбекқорлық пен жұмысқа деген құлшыныс пен таза ниет арқылы оқу жылында жетістікке жеткен бірқатар ұстаздарымыз бар.
Оқу жылында мектеп-гимназия әкімшілігі жетістікке жеткен шығармашыл мұғалімдерді анықтады. Бұл бойынша мектеп-гимназия сайтында қосымша сауалнама (дауыс беру) жүргізілді. Шығармашыл мұғалімдердің қатарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері А.Әзтаева, Г.Тәжкенова, химия пәнінің мұғалімі Ж.Орынбек, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі И.Турикбаева, математика пәнінің мұғалімі Ф.Исмаилова, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі А.Елгембаевтар кірді.
Жетістіктердің деңгейіне орай мектеп-гимназия әкімшілігі бірауыздан Гауһар Тәжкенованы лайық деп тауып, «Жылдың ең үздік шығармашыл мұғалімі» аталымының жеңімпазы атанды. Шығармашыл мұғалім мен оның шәкірттері оқу жылы ішінде бірнеше байқауларға қатысып жүлделі орындарды жеңіп алған. Атап айтқанда пән мұғалімдері арасында өткен облыстық «Менің іс-әрекеттегі зерттеуім» байқауында ІІ орынды, республикалық қашықтық олимпиадасында І орынды, шәкірттері Мұқым Ақниет пен Мақұлбек Гүлназ республикалық "Аltyn tobylgy" зияткерлік олимпиадасында І орынды, шәкірті Асқар Аяжан аудандық «Жыр алыбы - Жамбылым» атты жас ақындар айтысында бас жүлдені, облыстық айтыста ІІ орынды жеңіп алды. Гауһар Жұматайқызы бірнеше рет аудандық және облыстық семинарларда шеберлік сабағын көрсетіп өз тәжірибесімен бөліскен. Сондай-ақ, аудандық «Жаңа өмір» газетінде мақалалары жарияланған.
Ал, екінші кезең «Жылдың үздік мұғалімін» мектеп-гимназия сайтында дауыс беру арқылы жүргізілді. Ол 10 күнге созылды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, үздік ұстаздарымызды бағалауға әріптестері мен шәкірттері де белсенді атсалысты. Оқ бойы озық келген ұстаздарымыздың көп дауыс жинауына өздері тәрбиелеген шәкірттерінің арқасы десек те артық айтпаймыз. Әрине, ұстазы үшін шәкірттері дауыс беріп жатса, қуаныш емес пе?! «Үздік» деген атқа 6 ұстазымыздың барлығы да лайықты. Дегенмен, сайыстың ережесі қатал: «Біреу озып, біреуі қалуы керек!». Дауыс қорытындысы бойынша математика пәнінің мұғалімі Фатима Исмаилова жеңімпаз атанып, «Үздік мұғалім» номинациясының иегері атанды.
Шығармашыл мұғалімдерді мектеп-гимназия директорының м.а. Р.Қасымбекова марапаттап, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарын тапсырды. Руслан Сайлаубаев
мектеп-гимназия директорының
ғылыми-әдістемелік жұмысы
жөніндегі орынбасары